Бердібек Сапарбаев Тараздағы колледждердің жұмысымен танысты

13.04.2020 17:05 980
Бердібек Сапарбаев Тараздағы колледждердің жұмысымен танысты

Бердібек Сапарбаев Тараздағы колледждердің жұмысымен танысты

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы орта-арнаулы оқу орындарының қызметімен танысты. Ол облыс орталығындағы Сервис және технологиялар колледжі мен Абай атындағы гуманитарлық колледждеріне жұмыс сапарымен барып, аралады.

Тараз сервис және технология колледжі қонақ үй бизнесі, тамақ өнеркәсібі, тігін ісі, шаштараз, дәнекерлеуші, автомеханик, ағаш ұстасы мамандарын дайындаумен айналысады. Мұнда 2018 жылы 566 жас, өткен жылы – 632 жас білім алған. Бүгінде колледжде 265 студент дуалды білім алуда.

Колледж директоры Бекбол Маймышевтің айтуынша, өткен жылғы түлектердің 95 пайызы жұмыспен қамтылған. Колледж студенттеріне Алматы қаласынан сұраныстар түсуде екен.

Облыс әкімі оқу үдерісінің ұйымдастырылу барысымен, қашықтан оқыту кабинетінің, студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Колледждің материалдық-техникалық базасының қамтылуы ойдағыдай, соның ішінде студенттерге арналған өз жатақханасы бар. Алайда екі оқу корпусы мен өндірістік шеберханасы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Аймақтағы ең тарихы терең оқу орындарының бірі Абай атындағы гуманитарлық колледж болып табылады. Қазіргі таңда онда 1062 студент он мамандық бойынша білім алуда. Колледж мектепке дейінгі білім беру, бастауыш және негізгі орта буын мамандарын дайындайды. Сондай-ақ, болашақ музыканттар, хореографтар, актерлер, модельерлер қажетті білімдер алуда. 202 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуда.

Колледж директоры Айдархан Биназаров Бердібек Сапарбаевты оқу корпусымен таныстырды. Колледжде «Абайтану» кабинеті жасақталған десек, онда ұлы ойшылдың еңбектері, студенттердің ғылыми жұмыстары мен қолөнер бұйымдары жинақталған. Облыс әкімі студенттердің Абай Құнанбаевтың рухани мұраларын терең зерделей түсу қажеттігін айтып, оған колледж басшылығының назар аудартты.

Оқу кабинеттері және шеберханалармен танысу барысында Бердібек Сапарбаев колледждің өңірдегі мектептермен байланысын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Бұл орайда өзара қарым-қатынас тығыз болған сайын, оқу орнының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі де табысты шешіле түспек. Өткен жылығы түлектердің 74 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.

Оқу орнының басшылығына материалдық-техникалық базаны жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру тапсырылды. Колледжде спорт залы, студенттерге арналған жатақхана жоқ. Ал оқу корпусындағы электр сымы толық ауыстыруды қажет етеді.